Ақтөбе облысындағы ҚАЖД мекемесінде өндірістік әлеует таныстырылды
Ақтөбе облысындағы ҚАЖД мекемесінде өндірістік әлеует таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойыншақылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №8 мекемеде әкімдік өкілдерінің қатысуымен таныстыру кездесуі өтті.
Іс-шара барысында қонақтар мекеме аумағында жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандардың қызметімен танысты. Бүгінде мұнда 18 шағын және орта бизнес субъектісі өз жұмысын жүргізуде.
Әкімдік өкілдері сотталғандардың өндірістік цехтарда еңбек етіп, түрлі мамандықтарды меңгеріп жатқанын және нақты өнім түрлерін шығаратынын көзбен көрді. Атап айтқанда, мекемеде киім тігу, былғары бұйымдарын әзірлеу, құрама жем өндіру, сондай-ақ металл мен ағаштан түрлі бұйымдар жасау жұмыстары жолға қойылған.
Мекемеде өндірілген әрбір өнім – еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Сонымен қатар кәсіпкерлермен жолға қойылған ынтымақтастық тапсырыстарды тиімді орналастыруға және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Мұндай тәжірибе тек кәсіпкерлікті дамытуға ғана емес, сотталғандардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де оң әсер етеді. Бұл өз кезегінде кәсіби қабілеттерін жетілдіріп, болашаққа деген сенімін нығайтуға септігін тигізеді.
Іс-шара соңында тараптар бірлескен жобалардың келешегін талқылап, өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін жеткізді.
