Қызылорда облысында ПД бастығы ІІО ардагерлерімен кездесті
Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында сөз алған ПД бастығы ардагерлеріміздің ақыл-кеңестері мен ой-пікірлерінің өте маңыздылығын атап өтті. Жиында ведомство басшысы құрметті ардагер - Абдуали Убайдуллаевті 54 жас мерейтойымен құттықтады.
- Бүгінде белсенділік танытып, өңірдің тыныштығының сақталуына барынша атсалысып келесіздер. Сол үшін алғысымыз шексіз. Ішкі істер органдарының қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі біз үшін аса маңызды. Бұл ретте құрметті ардагерлер мен тәжірибелі қызметкерлер арасынан арнайы тәлімгерлер кеңесі құрылды. Өмірі өнегелі ардагер Ағыбаев Молдахмет Жәнібекұлы - тәлімгерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Тәлімгерлер жас қызметкерлерге үнемі қолдау көрсетуде, - деді өңірдің бас полицейі.
Ардагерлер де түрлі мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Кездесу барысында олар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында әрқашан кеңесуге дайын екендерін жеткізді.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта облыста 13 бастауыш ардагерлер ұйымы бар, онда 2807 зейнеткер есепте тұр. Оның ішінде әйелдер саны - 129. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген үш ардагер бар, үшеуі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл ардагерлері, 19 ардагер мүгедек болып оралған, 16 ардагер қызмет бабында жарақат алған, ал 23-і Ауған соғысының ардагерлері.
Полицейлер Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне әрдайым қамқорлық танытып, қандай да бір туындаған мәселелерін шешіп беру үшін белсенді жұмыстар атқаруда. Бұған қоса ардагерлер еңбек жолын енді бастаған жас қызметкерлермен жиі кездесіп, ақыл-кеңестерін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Аға буын өкілдерімен өткен мұндай кездесу алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.