Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтарға рухани-танымдық шара ұйымдастырылды
Жалағаш ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың рухани-танымдық дүниетанымын кеңейту мақсатында ашық есік күні ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аудандық тарихи-өлкетану музейінің филиалында өтіп, оған пробация есебіндегі азаматтар қатысты. Экскурсия барысында олар музейдің жаңа экспозициясымен танысып, көне жәдігерлерді тамашалады. Сонымен қатар туған өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы құнды деректерге қанықты.
Музей қызметкерлері келушілерге әрбір жәдігердің тарихы мен маңызы туралы айтып, өлке тарихындағы айтулы кезеңдер жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Мұндай тағылымды кездесулер пробация есебіндегі азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың тарихи-мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттырып, рухани дамуына ықпал етеді.
Іс-шара соңында пробация есебіндегі азаматтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
– Бүгін музейден көп нәрсе білдім. Бұрын өзім тұратын ауданның тарихына мұндай тереңірек мән бермеппін. Көне жәдігерлерді көріп, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі туралы тың деректермен таныстым. Осындай мәдени шаралардың адамға ой салып, өткенді бағалауға ықпал ететініне көз жеткіздім, – деді шараға қатысушылардың бірі.
