Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтарға тұрақты қолдау көрсетіледі
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешуге жәрдемдесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Есептегі азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар олардың өмірлік жағдайына қарай әлеуметтік және психологиялық қолдау ұйымдастырылады.
Әлеуметтік-құқықтық бейімдеу барысында әр азаматтың мәселесі жеке зерделеніп, қажеттілігіне қарай тиісті көмек көрсетіледі. Құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құжаттарды рәсімдеу тәртібі жөнінде бағыт-бағдар беріледі.
Жуырда пробация есебінде тұрған сотталғанның бірі денсаулығына байланысты медициналық көмекке мұқтаж болған. Оған тиісті қолдау көрсетіліп, арнайы медициналық орталыққа жатқызылды. Қазіргі таңда азамат ем қабылдап, денсаулығын қалпына келтіру шараларынан өтуде.
Бұл жағдай пробация қызметінің жұмысы тек құқықтық бақылаумен шектелмейтінін көрсетеді. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы, тұрмыстық және өмірлік қиындықтары да назарға алынып, оларды қоғамға қайта бейімдеуге қажетті көмек көрсетіледі.
Қызылорда қалалық пробация қызметі алдағы уақытта да есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық бағыттар бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады.
Дер кезінде көрсетілген көмек – азаматтың өмірін қайта қалыптастырып, қоғамның толыққанды мүшесі болуына жасалған маңызды қадам.
