Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында “Қарасора-2022” іс-шарасы аясында 100-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Қызылорда облысында “Қарасора-2022” іс-шарасы аясында 100-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қызылорда облысының аумағында 1 маусымнан бастап өтіп жатқан “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезеңінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қатысуымен жедел алдын алу іс-шарасын өткізу жоспары әзірленіп, жұмыс топтары құрылып, кешенді жұмыстар атқарылуда. Аумақтық бөлімшелерде мобильді жедел-тергеу топтары ұйымдастырылған. Жергілікті атқарушы және арнайы органдардың өкілдерімен бірлесіп, халық арасында жұмыс кездесулер өткізілуде. Есірткі және психотроптық заттарды тарату фактілерін анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілуде.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің барлық аудандық бөлімдерінде сенім телефоны жұмыс істейді, ол туралы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланды.

– Жедел-профилактикалық іс-шараның жүргізілуі ерекше бақылауға алынды. “Қарасора-2022″ жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 99 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтаудың – 4, есірткі сатудың – 7, оны өсірудің 53 дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 31 келіге жуық марихуана және 5 грамнан аса синтетикалық есірткі заты алынды. 20 698 түп сора өсімдігі жойылды, – деп атап өтті Қызылорда облысы ПД бастығы Мұхтар Қожабаев.

Мысалы, іс-шара кезінде қызылордалық полицейлер 4116 түп сора өсімдігін еккен тұрғынды ұстады. 37 жастағы жұмыссыз қала тұрғыны Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Жуантөбе ауылынан оңтүстік батысқа қарай 45 шақырым жердегі шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсімдігін өсірген. Айта кетерлік жайт, арнайы баптап өсірілген сораның ұзындығы 60-70 сантиметрге жеткен. Осы аумаққа келген көліктердің дөңгелектерін тесу мақсатында қаскүнем ауыл маңындағы жолдарға қолдан жасалған металл шыбықтарды тастаған.

Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек арнайы кептірілген марихуана, заң бұзушының жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар, яғни екі насос, палатка, мотор, 20 метрлік шланга, күрек, кетпен тәркіледі. 4116 түп көлемінде тәркіленген сора өсімдігінің жалпы салмағы 34 келі, ал кептірілген марихуана 696 грамм көлемінде болып шықты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігімен (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) және 300-бабының 2-бөлігімен (Ірі мөлшерде құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Айта кетерлік жайт, осы жылдың 8 ай 13 күнінде 149 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде есірткі сату бойынша 21 дерек, аса ірі мөлшерде сақтау –10, өсіру- 45, насихаттау бойынша бір дерек тіркелген.

Заңсыз айналымнан 43 келі марихуана және 501 грамм синтетикалық есірткі заты алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру