Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында сотталғандар арасында "Үміт-2026" сурет байқауы өтті

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын сотталғандар арасындағы "Үміт-2026" шығармашылық байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқау аясында №37 мекемесінде сурет салудан сайыс ұйымдастырылып, оған жазасын өтеп жатқан бірнеше азамат қатысты. Қатысушылар табиғат көріністерін, тарихи тұлғалар мен танымал адамдардың бейнесін қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық қабілеттерін танытты.

Жұмыстарды бағалау үшін қазылар алқасының құрамына Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Темірбек Нұрғалиұлы Сағымбаев және мекеме бастығының орынбасары Ернияз Жеңіс кірді. Қазылар қатысушылардың туындыларын көркемдік деңгейі, мазмұны мен орындау шеберлігіне қарай бағалап, үздік жұмысты анықтады.

Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандарды өнерге баулу, эстетикалық талғамын қалыптастыру, табиғаттың сұлулығын бағалай білуге және шығармашылық арқылы өз ойын еркін жеткізуге ынталандыру. Сонымен қатар мұндай мәдени-шығармашылық шаралар жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді өткізуіне, рухани дүниесін байытып, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.

– Өнер – адамның жан дүниесін тәрбиелейтін ерекше құрал. Сурет салу арқылы сотталғандар өз ойы мен сезімін бейнелеп, өмірге деген көзқарасын өзгерте алады. Осындай шығармашылық байқаулар олардың бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға, мәдени ортаға бейімделуіне және болашаққа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді, – деді мекеме бастығының орынбасары Ернияз Жеңіс.

"Үміт-2026" байқауы сотталғандардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың рухани дамуына және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру