Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін бұзған сотталған түзеу мекемесіне жіберілді

Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған есептегі сотталған азамат түзеу мекемесіне жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2023 жылғы 7 наурыздағы үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігі бойынша бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған У. есімді азамат жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін 9 шілдеде Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотына бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыным жолданды.

Яғни, У. есімді сотталған есепке алынғаннан кейін бар-жоғы екі ай уақыттың ішінде пробациялық бақылаудан жасырынып, сот үкімімен тағайындалған мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартқан. Қазақстан Республикасы ҚАК-нің талаптары бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған адамның пробациялық бақылаудан жасырынуы, мәжбүрлі еңбекті дәлелсіз себептермен бір айдың ішінде екі және одан да көп рет орындамауы – бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзушылыққа жатады. Аталған ұсынымды қарау барысында прокурормен сотталғанның жазасын ауыстыру туралы қорытынды берілді.

Осыған орай, У. есімді сотталған бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген 9 ай мерзімі нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленген. Қаулы заңды күшіне енген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру