Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының полициясы 10 автокешен мен бейнетіркеу алды

Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысы Полиция департаментіне  10 “Ekin Patrol G2” автокешені және 21 жылжымалы аппараттық-бағдарламалық “Vuewo” бейнетіркеу кешені алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полициядағы бейнебақылау жүйелеріне ерекше назар аударылып, олар бүгінде ІІМ-нің барлық дерлік бөлімшелерінде енгізілген. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың өткен жылдың желтоқсан айында Ақмола облысына сапары ерекше басталған болатын. Ведомство басшысы аз уақыт ішінде өзінің тиімділігін көрсеткен жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешеннің мүмкіндіктерін тексеріп көрді. Жалпы, ел бойынша әртүрлі маркалы аппараттық-бағдарламалық кешен Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар және Ақмола облыстарында жұмыс істейді. Кешендердің жай патрульден айырмашылығы үлкен. Мұнда 10 камера бар: оның тоғызы сыртқы, біреуі ішкі бейнені бақылайды. Аппараттың “көру мүмкіндігі” – 360 градус.

Бұл жүйе жолдағы заң бұзушылықтарды тіркеу үшін патрульдік полиция көліктеріне орнатылады. Оның көмегімен жылдамдықты асырғандар, борышкерлер мен бұрын жүргізу куәлігінен айырылғандарды анықтауға болады. Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес және облыстық әкімдіктің қолдауымен қазіргі таңда “Ekin Patrol G2” кешендері Қызылорда облысы ПД-да 10 патрульдік көлікте, сондай-ақ 21 автокөлікке “Vuewo” бейнетіркегіші орнатылған.

Бүгін Қызылорда облысының бас полицейі өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  қомақты үлес қосатын заманауи кешендерінің мүмкіндіктерін тексеріп көрді. Көлік ағыны көбейген сайын, жол қозғалысы да күрделеніп келеді.  Бұл – жол-көлік  оқиғаларының жиілеуінің бірден бір себебі. Жол апаттарына негізінен жылдамдықты асыру, маневр жасау ережелерін бұзу, көлікті мас күйде тізгіндеу сияқты жайттар бар.

Қызылорда облысының Полиция департаментімен алынған панорамалық бейнетіркеудің және көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын анықтаудың мамандандырылған жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешендер жол апатының азаюына ықпал ететіні анық.

– 2022 жыл көлемінде облыс аумағында 473 жол-көлік оқиғасы орын алып, 146 адам қаза тауып, 548 адам жарақат алды. Бұл өңіріміздегі  көлік жүргізу мәдениеті әлі де төмен екенін білдіреді. Қабылданған  шаралар жергілікті, облыстық, республикалық маңызы бар автожолдардағы ЖКО санын азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз, –  деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев.

Аталмыш мобильді патрульдік технология 7 жолаққа дейін бақылауды қамтамасыз ете алады. Мәліметтер базасын басқару арқылы іздестіріліп, ұрланған көліктерді анықтайтын “Ekin Patrol G2” күдікті көліктер анықталған жағдайда басқару орталығына дыбыстық және визуалды дабыл жібере алады. Сондай-ақ ол тұлғаны тану мүмкіндігі арқылы құқық бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Кешен үлкен жол қозғалысы ағынында жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартудан жалтаратын көлік құралдарын анықтайды. 

Бұдан бөлек, Қызылорда облысының Полиция департаменті 21 жылжымалы аппараттық-бағдарламалық “Vuewo” бейнетіркеу кешендерін алды. Бұл кешен 360 градусқа бейнетіркеуді жүзеге асырады, сондай-ақ қоршаған орта туралы алынған деректерді жоғары ажыратымдылықта мұрағаттайды. Процестер мен ағымдағы міндеттерді оңтайландырудың арқасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жаңа деңгейге шығарады.

Бұл – максималды автоматтандыруға, полицейлердің жұмысын бақылауға, деректерге қолжетімділікті бөлуге және басқаруға, диспетчерлеуді жақсартуға байланысты жұмыстар. Жаңа әдістер мен тәсілдерді қолдану полиция жұмысындағы жедел міндеттерді шешуде тиімді көмек көрсетеді. Департамент бастығы заманауи кешеннің мүмкіндіктерімен танысып, кешеннің бірегейлігін атап өтті. Қазақстандық полицияның жұмысына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар халықтың тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру