Қызылордада «Автобус» жедел – алдын алу шарасы барысында бір күн ішінде 137 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Қызылордада «Автобус» жедел – алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолаушыларды қоғамдық тасымалдаумен айналысатын автокөліктерінің арасындағы апаттардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау мақсатында облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері, аймақтық Көліктік бақылау басқармасының өкілдерінің қатысуымен 21-23 қазан аралығында облыс аумағында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Аталған іс-шараның мақсаты – көлік жолдарында жолаушылар мен жүктерді тасымалдаумен айналысатын көлік жүргізушілері арасында көліктік тәртіпті арттыру.
Шараның бір күнінде өткізілген рейдтік жұмыстар барысында қоғамдық көлік жүргізушілері жол берген 137 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзудың 16 дерегі, көлік құралдарын заңсыз жабдықтаудың 6 дерегі, уақтылы техникалық байқаудан өтпеудің 22 дерегі, ұялы телефонмен сөйлесудің 30 дерегі, рейс алдындағы міндетті техникалық және медициналық байқаудан өту талаптарын бұзудың 4 дерегі, маневр жасау қағидаларын бұзудың 21 дерегі анықталды.
Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалар толтырылып, тиісті әкімшілік шара қолданылды.