Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада екі күн ішінде 53 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қызылордада «Қауіпсіз қала»  шарасының екі күнінде 53 құқық бұзушы әкімшілік  жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласының Полиция басқармасы басшылығының бастамасымен қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында 15-31 қазан аралығында Қызылорда қаласының аумағында  «Қауіпсіз қала» іс-шарасы өткізілуде.

Аталған іс-шара аясында Полиция басқармасының қызметкерлері, қалалық әкімдік, прокуратура, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы,  «Жас Отан» өкілдері және еріктілермен құралған бірлескен рейд кезінде екі күн ішінде  53 әкімшілік  құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Мәселен, қала орталығындағы көшелердің бірінде мобильді топ «Тойота Камри» маркалы автокөлігін тоқтатып, тексерді. Тексеру кезінде жүргізушінің  тиісті құжаттарсыз көлікті басқарғаны анықталып, автокөлік айып тұрағына қойылды.

Бұдан бөлек қала орталығында орналасқан компьютерлік клубтардың бірін тексеру барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта жүрген 4 кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады.

Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы)   бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды және профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Қабылданған қатаң шараларға қарамастан карантин режимін бұзу деректері де азаяр емес. Екі күннің ішінде облыс орталығында 23 дерек анықталды.

Мысалы, 18 қазанда Қызылорда қаласының тұрғыны  санитарлық нормалар мен талаптарды сақтамай өз ауласында той ұйымдастырған.  Аталған дерек бойынша құжаттар жинақталып, тиісті шара қабылдау үшін  Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына  жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру