Қызылордада пробация есебіндегі 500-ден астам азамат тексерілді
Қызылордада пробация есебіндегі 500-ден астам азамат тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында 10-14 қыркүйек аралығында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында "Пробация" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараны Қызылорда қалалық пробация қызметі мен Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – қоғамнан оқшаулаусыз жазаға сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қайталама қылмысқа жол бермеу.
Іс-шараға қалалық прокуратура өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары және пробация қызметінің инспекторлары қатысты.
Бірлескен мобильді топтар есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын аралап, олардың белгіленген талаптарды сақтауын тексерді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын орындау және жауапкершілік мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы іс-шара барысында 500-ден астам азаматтың тұрғылықты мекенжайы тексерілді.
Нәтижесінде 2 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, электрондық бақылау құралдарын пайдалану талаптарын бұзудың 3 дерегі тіркеліп, тиісті материалдар соттың қарауына жолданды.
Құқық қорғау органдарының мұндай бірлескен жұмысы пробация есебіндегі азаматтардың белгіленген талаптарды сақтауын бақылауға және олардың тарапынан қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
