Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация қызметінің көмегімен сотталған азамат ем қабылдауға кірісті

Қызылордада пробация есебіндегі азамат өз өтінішімен наркологиялық орталыққа емделуге жатқызылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Пробация есебіндегі тұлғаларға әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетіліп, оларды жұмыспен қамтуға, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар тұрақты жүзеге асырылуда.

Дегенмен, пробация есебінде тұрған кейбір азаматтардың арасында алкогольге тәуелді адамдар да кездеседі. Осындай азаматтардың бірімен жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ол өз еркімен ем қабылдауға шешім қабылдады.

Аталған азамат досының ақшасын ұрлағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Оған пробациялық бақылау белгіленген.

Тұрақты тұрғылықты мекенжайының болмауына байланысты Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы Жанар Сұлтанова алдымен оны әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырды. Кейін сотталғанның өз өтініші негізінде алкогольге тәуелділіктен ем алу үшін наркологиялық орталыққа жолдама беріліп, ол емдеу мекемесіне жатқызылды.

– Өзімнің жіберген қателігімді толық түсіндім. Ішімдікке тәуелділіктің салдарынан заң бұзып, сотталдым. Пробация қызметкерлері маған қолдау көрсетіп, дұрыс жолға түсуіме көмектесті. Қазір өз өтінішіммен ем қабылдап жатырмын. Емделіп шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасып, өмірімді жаңадан бастауға ниеттімін. Қалалық пробация қызметінің мамандарына шынайы алғысымды білдіремін, – дейді пробация есебіндегі азамат.

Пробация қызметінің мамандарының айтуынша, есепте тұрған әрбір азамат тұрақты бақылауда болады. Инспекторлар олардың тұрғылықты жеріне жүйелі түрде барып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамту және қоғамға қайта бейімдеу шаралары тұрақты ұйымдастырылады.

Пробация қызметінің негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың құқыққа қайшы әрекеттерге қайта баруына жол бермей, олардың қалыпты өмірге оралып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру