Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері мұқтаж отбасыларға көмектесті

Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері мұқтаж отбасыларға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Елімізде жыл сайын әлеуметтік бағытта өткізілетін “Мектепке жол” акциясына Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты ЗК-169/1тергеу изоляторы қызметкерлері де өз үлесін қосты.

Мекеме бастығы Қ. Илясов пен мекеменің кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлығы  жөніндегі инспекторы М. Тұрымбетовтың және аға сержант А. Тоқжолованың бастамасымен жеке құрам мен ерікті жалдамалы қызметкерлер акцияға бір кісідей ат салысты. Акция барысында қатысушылар жиналған қаражатқа екі мүмкіндігі шектеулі және бір көпбалалы отбасындағы қызға мектеп сөмкелері мен оқу құрал-жабдықтарын алып беріп, қаржылай көмек көрсетті.

– Менің қызым мүмкіндігі шектеулі бала болғандықтан, үйде оқиды. Үйде оқытылса да, мектепке баратын басқа балаларымнан кем көрмейміз. Әкесі екеуміз көңілі көтерілсін деп тәуірлеу оқу-құралдарын алып беріп отырамыз. Бойжетіп келе жатқан қыз бала болған соң әдемі заттар пайдаланғанды жақсы көреді. Бүгін міне, погондағы қызметкерлер сәнді сөмке мен біраз оқу- құралдарын әкеліп берді. Қызыма бұл тосынсый болды. Демеушілік танытқан мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді 9-сынып оқушысы Гүлназдың анасы.

Ал келесі көпбалалы жалғызбасты ананың қызы Жібек есімді бүлдіршін апарған сыйлықтарды көріп, қуанып қалды.

– Мен де бес ұл, бір қыз бар. Оның біреуі әлі мектепке бармайды. Әкелері дүниеден өткелі бес оқушыны жаңа оқу жылына киіндіріп, оқу құралдарымен қамтамасыз ету бір өзіме ауырлық тудыруда. Қызыма әкелген сыйлықтарыңыз бен қаржылай көрсеткен көмектеріңіз үшін шексіз рақмет, –  деп ризашылығын білдірді жалғызбасты ана.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру