Қызылордада ҚАЖД қызметкерлеріне отбасы құндылықтарын нығайту бойынша кеңес берілді
Қызылордада ҚАЖД қызметкерлеріне отбасы құндылықтарын нығайту бойынша кеңес берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде отбасы институтын нығайтуға бағытталған тағылымды кездесу өтті. Іс-шараны Отбасы орталығы жанындағы «Бақыт мекені» кәсіби кеңес беру алаңының мамандары ұйымдастырды.
Кездесу барысында мамандар қызметкерлерге баспана алу мүмкіндіктері, мемлекеттік бағдарламалар және әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайтуға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, әке мен ананың тәрбиедегі рөлі, ұрпақтар сабақтастығы секілді маңызды бағыттар қозғалды. Мамандардың айтуынша, отбасыдағы өзара сыйластық пен түсіністік – қоғам тұрақтылығы мен бірлігінің негізгі тірегі.
Шара барысында ҚАЖД қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер қызметкерлердің әлеуметтік сауаттылығын арттырып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге де оң ықпал етеді.
