Қызылордалық полицейлер аудан тұрғынынан қолдан жасалған қару тәркіледі
Қызылордада облыс тұрғынының автокөлігінен қару табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қазан күні түнде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қазалы аудандық полиция бөліміне жеке үйлердің бірінің алдында тұрған автокөлік ішінде күдік тудыратын зат бар екендігі туралы хабарлама келіп түскен.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында автокөліктің алдыңғы сол жақ есігінен және артқы орындықтың астынан қолдан жасалған қаруға ұқсас, екі бөліктен тұратын, құрамдас бөліктері бір-біріне құрастырылатын зат алынды. Күдікті ұсталды.
Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Арыновтың айтуынша, қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп- тексеру амалдары басталып, қаруды заңсыз жасау және сақтау мақсаттары анықталуда.
Сараптамалар тағайындалды.