Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық полицейлерге бағынбай, көлікпен қашқан жүргізуші жауапқа тартылды

Қызылордалық полицейлерге бағынбай, көлікпен қашқан жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

22 мамыр күні түнгі сағат 22:50 шамасында Қызылорда облысы Шиелі кентінде полицейлер “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасы кезінде алдыңғы мемлекеттік белгісі жоқ Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатқан. Алайда аталған автокөлік жүргізушісі тоқтату белгісіне бағынбай, Шиелі ауданы Алғабас ауылына қарай бағыт алған.

Полиция қызметкерлері РУ-6 елді-мекенінде бұл көліктің тоқтауын талап еткен. Осы кезде де жүргізуші тоқтату белгісіне бағынбай, қызметтік автокөліктің алдыңғы оң жағындағы бамперге соғып, тоқтамай, өзінің тұрғын үйдің ауласына дейін қашып келген. Көлік басқарған жүргізуші полиция қызметкерлеріне құжатын беруден бас тартып, қарсыласқан.

Осы сәтте Алғабас ауылының бірнеше тұрғындары оқиға орнында полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне заңсыз араласып, олардың біреуі полиция қызметкерін ұрып-соғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Үш күдікті қамауға алынып, қазіргі таңда оларға қатысты сот қаулысымен “кепіл” түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі таңда орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  380-бабының 1-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды.

Сонымен қатар автокөлік жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-бөлігі (Жол көлік оқиғасын жасағаны үшін), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  611-бабының  2-бөлігімен (Жол көлік оқиғасына қатысушы бола тұра оқиға орнынан кетіп қалу) хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды.

8 маусым күні Шиелі аудандық сотының қаулысымен жүргізуші екі баппен де кінәлі болып танылып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру