Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Саптың сыртындағы жауапты қызмет

Полиция қызметі тек форма киіп, ант қабылдаудан басталмайды. Бұл – мемлекет атынан қызмет етуге лайықты азаматтарды мұқият іріктеуден өтетін күрделі әрі жауапты үдеріс. Болашақ тәртіп сақшыларын алғаш қарсы алып, олардың кәсіби талаптар мен жоғары жауапкершілікке қаншалықты дайын екенін айқындайтын да – кадр қызметі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасында бұл бағыттағы жұмыс күн сайын қатаң тәртіппен, қателікке жол берілмейтін деңгейдегі жауапкершілікпен атқарылады. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Сабыржан Көпенов. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2021 жылы бастаған. Осы уақыт аралығында ол өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген ондаған қызметкерді іріктеу және қызметке қабылдау ісіне атсалысты.

Кадр маманының жұмыс күні таңғы саптық жиыннан басталып, басшылық тапсырмаларын алумен жалғасады. Одан кейін қызметкерлердің жеке істеріне қатысты жұмыстар жүргізіледі: арнайы атақ беру, марапаттау, кадрлық тағайындаулар, тәртіптік шаралар мен қызметтік өсуді қарастыру сияқты маңызды бағыттар қамтылады. Әрбір құжаттың артында адам тағдыры мен қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік жатыр.

— Кадр іріктеу – аса жауапты міндет. Біз мемлекеттік қызметке жан-жақты тексерістен өткен азаматтарды қабылдаймыз. Қызметке кімнің алынатыны полицияның беделіне де, халық сеніміне де тікелей әсер етеді. Өйткені көп жағдайда бүкіл жүйе туралы көзқарас бір қызметкердің іс-әрекетіне қарай қалыптасады, — дейді ЖҚЖБ аға инспекторы Сабыржан Бақытжанұлы.

Кадр қызметкерлерінің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Олардың жұмысы сирена мен жедел операциялармен қатар аталмайды. Алайда дәл осы мамандар полиция жүйесінің берік іргетасын қалыптастырып, оның тұрақты әрі тиімді қызмет етуіне негіз болады. Кейде олардың жұмыс күні түннің бір уағына дейін созылып, соңғы құжаттарға қол қойылған сәтте ғана аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру