Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарбаздар қызмет барысындағы ең үздік сәттерімен бөлісті

Алматы облысының ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының сарбаздары күнделікті жұмыс барысындағы сәттермен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ күрделі әрі қауіпті тапсырмаларды орындау үшін үздік қызметкерлерден құрылған арнайы топ.

Олардың жауынгерлік шеберлігі алтыннан да қымбат. Қарулы қылмыскерлерді ұстау, лаңкестердің зұлым жоспарларын бұзып, күтпеген жерден оларға қарсы операциялар өткізу,  тағы да сол сияқты асқан шеберлік пен жылдамдықты талап ететін шараларды өткізу жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің ғана қолынан келеді. Шіліңгір ыстық немесе бет қарыған аяз, елсіз дала. Арнайы жасақ жауынгерлері үшін мұндай кедергілер жоқ. Омбы қарды бұзып-жарып 16 шақырым жүгіру – олар үшін қиын шаруа емес.

– Олар күндіз-түні кезекшілікте. Бұл да олар тән қасиет. Сарбаздар бір тәулік жұмыс істеп, бір тәулік демалады. Дегенмен, олар заңды демалыс күндері де күніне екі рет өтетін жаттығуға қатысуға міндетті. Бізде қару қолдану –соңғы шешім. Сондықтан жігіттер шұғыл әрекет етуге психологиялық тұрғыдан бекем болуы керек. Жаттығулар бірнеше сағатты алады. Олармен жұмыс істеу оңай. Өйткені, біздің қызметкерлеріміздің барлығы дерлік республикалық деңгейдегі спорттық жарыстардың жеңімпаздары. Қатарымызда халықаралық деңгейдегі спортшылар да бар. Көзсіз ерлікке барып,  “Ерлігі үшін” наградасын алғандарды да атап өту қажет, – деді Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі Медет Камалбеков.

Арнайы жасақ қызметкерлерінің арасында ел тәуелсіздігінің құрдастары да бар. Ол өзгелермен қатар ел тыныштығы үшін абыроймен қызмет атқарып жүрген полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Оразалиев. Жүректе қайрат, өжеттілік пен батылдық болмаса, үздіктер қатарында қызмет ету мүмкін емес екенін ұмытпау қажет.

– Қылмыскерлер әртүрлі болады. Олардың ішінде қарапайым азаматтармен қатар, шыныққандар, спорт шеберлері мен үміткерлері де бар. Осыған орай, біз кез-келген қауіпті қылмыскерлерді ұстау дағдыларын шыңдаймыз. Біздің қатарымызда кездейсоқ адамдар жоқ. Әлеуетті жауынгерлерге қатаң талаптар қойылады. Сонымен қатар қара берет кию үшін қатаң іріктеуден өту қажет. Жауынгердің денсаулығы мықты және шеберлігі жоғары деңгейде болуы тиіс, – деп толықтырды арнайы жасақ командирі Камалбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру