Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 400-ге жуық өтініш қаралды

Қызылордалық полицейлермен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 400-ге жуық өтініш қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 103 мың адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаға тартылғандар туралы сыры ашылмаған тарихи құжаттарды және басқа да ақпараттарды қолжетімді ету мақсатында Ішкі істер министрлігінде маңызы бар “Мемориал” сервисі құрылды.

Қызылорда облысы бойынша “Мемориалға” алты мыңға жуық адамдардың қуғын-сүргінге ұшыраған мәліметтері туралы ақпараттар енгізілді.

2014 жылы Қызылорда облысының Полиция департаменті, Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінен, “Сот органдарымен ақталған, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істер, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түсіп, Германиядан келген бұрынғы КСРО азаматтары туралы іріктелген, трофейлік материалдар” қабылданды.

Сол уақыттан бері Қызылорда облысы Полиция департаментіне қуғын- сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарынан, ғалым-зерттеушілерден, мұрағаттар мен мемлекеттік органдардан көптеген өтініштер мен сұрау салулар келіп түсіп, оның 400-ге жуығы оң нәтижесін тапты.

“Мемориал” сервисіне енгізілген ақпараттар қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туған жылы, тұрғылықты жері, тұтқындалған уақыты, сотталғандығы және ақталғандығы жөніндегі мәліметтерді құрайды.

Бұл ақпараттар туыстарының тағдыры туралы мәліметтер іздеген адамдарға, сонымен қатар тарихи ақпаратты толығымен қалпына келтіру үшін ғалымдарға, тарихшыларға, журналистерге қажет.

“Мемориал” сервисінің әлеуметтік-саяси маңыздылығы Қызылорда облысының және Қазақстанның басқа да өңірлерінің, сонымен қатар ТМД елдерінің тұрғындарынан келген хаттарында аталып өтеді.

– Мысалы, облыс тұрғыны Полиция департаментіне жақын туыстарына қатысты мәлімет беруді сұрап хат жазған. Мұрағаттық құжаттарды зерделей отырып, бұл азаматқа қажетті мәліметтер берілді. Алған ақпараттар негізінде оның бастамасымен Қызылорда облысының Қармақшы ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандары Тұрғамбаев Ахмет, Жайшылықов Тыныштыбай, Бекмурзаев Сүйіндік және Туребаев Жұқаға арналған ескерткіш орнатылды, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Жарас Оспанов.

Жақын туыстарының саяси қуғын-сүргінге ұшырап, өмірдің қиын кезеңін бастан кешірген тағдырлары туралы мағлұмат іздеген тұлғалар үшін осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Қазіргі таңда, Ішкі істер органдарында жедел-тергеу және іздестіру шараларын жүргізу және басқа да қызметтік мәселелерді шешу үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қажетті кең көлемді жедел-іздестіру және анықтамалық ақпараттар деректері жинақталған. Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағаты – ішкі істер органдары жүйесіндегі көп қызмет атқаратын күрделі құрылым.

Жеке құрам бойынша, ұзақ мерзімді сақтауға жататын, оның ішінде ғылыми-практикалық, тарихи маңыздылығы бар 25 мың дана құжаттар сақтауда тұрған арнайы мемлекеттік мұрағаты Ақпараттандыру және байланыс басқармасы жұмысының негізгі бөлігі болып табылады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру