Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жесірдің 5 млн теңгесін алдап алған алаяқ Алматыда қолға түсті

Түркістан облысында полицейлер сақтандыру төлемдерімен алаяқтық жасаған күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтық жолмен бейтаныс адам оның қомақты қаржысын алып кеткенін жеткізді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, алаяқ оның сеніміне кіріп, жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан күйеуінің сақтандыру төлемдерін алуға көмектесемін деп алдаған. Сөйтіп алаяқ өзінің атына сақтандыру сенімхатын ресімдеуге жесір әйелді көндіріп, өз шотына ақша түскен соң хабар-ошарсыз кеткен.

Жәбірленушіге келген шығын – 5 миллион теңгеден асты. Осыған ұқсас арыздармен полиция басқармасына тағы бірнеше жәбірленуші келіп, көмек сұраған. Аталған жайттар ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық” бойынша Сайрам аудандық ПБ-да тіркелді.

Қылмысты ашу мақсатында Сайрам аудандық полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысына сәйкес полиция қызметкерлері күдіктіні жасырынып жүрген жерінен Алматы қаласынан ұстады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Бүгінгі таңда тергеу барысында күдіктінің жалпы сомасы 18 миллион теңгеден астам төрт алаяқтық дерегіне қатыстылығы анықталды. Белгілі болғандай, ер адам бір жоспар бойынша әрекет етіп, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, жесірлеріне сақтандыру төлемдерін алуға көмектесуге уәде беріп, құжаттарын ресімдегеннен кейін өз шотына ақша аудартып, жасырынып жүрген.

Қазіргі уақытта алаяқтық жайттары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлерімен күдіктінің басқа да алаяқтыққа қатыстылығы анықталады.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ, қандай да бір мәмілелерді ресімдеу және құжаттарды ресімдеу кезінде мұқият болу керек. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, шұғыл “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру