Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сеніп тапсырылған малды бақташы сатып жіберді

Бөтеннің мүлкін талан-таражға салып, 3,5 миллион теңге шығын келтірген күдікті қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ауыл сыртында мал бағатын бақташыға тоғыз ірі қара малын сеніп тапсырған. Алайда қазіргі уақытта малдарын қайтарып ала алмағанын көрсеткен. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Осы оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары хабар алысымен жолға шықты. Қыс мезгіліне қарамастан таулы аймақта орналасқан бақташының үйіне барып, күдікті азаматты сол жерден қолға түсірді. Оны ПБ-не жеткізіп, орын алған жайттың ақ-қарасын ажырату мақсатында жауап алды.

Тергеу барысында анықталғандай жәбірленуші әйел алты бас жылқысын және үш бас сиырын бақташыға сеніп тапсырған. Алайда күдікті ірі қара малдардың ішінен үш сиырды 400 мың теңгеге сатқан. Ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Сондай-ақ қалған жылқыларды қараусыз ен далаға шығарып жіберген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 3,5 миллион теңгеге жуық. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдікті азаматты қамауға алып, тергеу амалдарын жалғастыруда.

Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға бейтаныс азаматтарға сенбеуді ескертеді. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда дереу полицияға «102» телефоны арқылы хабарласуға болады. Бұл полицейлерге қылмысты дер кезінде ашуға және мал ұрлықтарын анықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру