Серік Кудебаев қаза тапқан полицейдің анасымен тікелей эфирде тілдесті
Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Кудебаев қаза тапқан полицейдің анасына тікелей эфирде алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін әлеуметтік желі арқылы халықпен онлайн кездескен Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Кудебаевқа қызмет барысында қаза тапқан Айдын Асқарбаевтың анасы қоңырау шалды.
Проблемалық сұрақпен хабарласқан қарт анаға көңіл айтқан бас полицей оған өз ісінің кәсіби шебері, нағыз патриот бала тәрбиелегені үшін алғысын білдірді.
– Полиция полковнигі Айдын Асқарбаев білікті маман еді. Түрлі бөлімшелерде басшылық қызметте болған ол әрдайым үздік нәтижелерге қол жеткізді. Өкінішке орай, қызмет барысында көлік апаты салдарынан қайтыс болды. Біз оны ұмытпаймыз, құрмет тұтамыз, – деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Кудебаев.
Естеріңізге сала кетейік, Алакөл ауданы Полиция бөлімінің бастығы болған Айдын Асқарбаев 2016 жылы көлік апатынан қайтыс болған. Оның жарқын бейнесін есінен шығармаған әріптестері оның жұбайы Үмітке биыл «Офицер жұбайы» медалін тақты.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына Полиция департаменті тарапынан үнемі көңіл бөлінетінін атап өту қажет.
Департамент басшысы тікелей эфирде тілдескен кейуананың мәселесін өз бақылауына алатынын айтып, қарамағындағы қызметкерлерге тиісті тапсырмалар берді.