Шардара полицейлері із-түзсіз жоғалған мектеп оқушысын тапты
Шардара полицейлері із-түзсіз жоғалған 4 сынып оқушысын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел 102 нөміріне түнгі 2 шамасында хабарласып, өзінің 11 жасар ұлының үйінің алдында ойнап жүріп белгісіз бағытқа кетіп қайта оралмағанын көрсеткен. Бұл жайтты шардаралық полицейлер бірден тіркеуге алып жоғалған баланы іздеп табу үшін барлық күшті жұмылдырды. Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіруінің арқасында 4-сынып оқушысын тәулік ішінде тапты.
Белгілі болғандай жоғалған бала көше бойында ойнап жүрген. Содан бала жол үстінде досының ойнап жүргенін көріп, бірге қосыла ойнай кеткен. Полиция қызметкерлері жоғалған баланы іздестіру барысында, ойнап жүрген баланың досының үйінде ұйықтап қалғанын анықтады. Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан анасы, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне ізгі ықыласын білдіріп, рақметін айтты.
– Кешкі сағат 20:00 шамасында баламның ойнап жүрген жерінен таппай қалдым. Ары іздеп, бері іздеп таппаған соң полицейлерге хабарластым. Ал полицейлер баламды дер кезінде тауып берді. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақметімді айтамын, – деді анасы.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға балаларыңызға абай болыңыздар, сыртқа шыққанда қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді.