Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да 400-ден астам оқушыны құқықтық форум біріктірді

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында "Бүгінгі әрекет – ертеңгі тағдыр" атты ауқымды құқықтық форум өтті. Іс-шараға өңірдің әр түкпірінен келген 400-ден астам оқушы қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Форум "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды.

Ауқымды кездесуді аудандық полиция бөлімі, Зайсан ауданының прокуратурасы және білім бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.

Форум Хафиза Мұстафина атындағы мектеп-лицей оқушыларының "Буллингке жол жоқ" атты әсерлі би қойылымымен ашылды. Өнер арқылы жеткізілген қойылым іс-шараның негізгі идеясын айқындап, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Кездесу барысында полиция және прокуратура өкілдері дәстүрлі дәріс форматынан бас тартып, TEDx үлгісіндегі еркін әрі ашық диалог алаңын ұйымдастырды. Спикерлер нақты мысалдар арқылы жасөспірімдерге олардың құқықтары мен міндеттерін, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіріп, алдағы жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Форумның басты ерекшелігі — еркін пікір алмасу мен сенімді қарым-қатынас орнату болды. Арнайы ұйымдастырылған кері байланыс алаңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды анонимді түрде жолдап, прокурорлар мен полиция қызметкерлерінен тікелей әрі нақты жауап алды.

Іс-шара соңында оқу жылы бойы қатарластары арасында «Заң мен тәртіп» қағидаттарын насихаттауға белсенді үлес қосқан оқушылар алғысхаттармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені балалардың қауіпсіздігі мен болашағы — қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру