ШҚО-да полиция қызметкері адасқан әжейге үйіне қайтуға көмектесті
ШҚО-да полиция қызметкері адасқан әжейге үйіне қайтуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 ақпанда сағат 15.00-де Алтай ауданының полиция бөлімінің «102» жедел арнасына қаладағы дәріханалардың бірінде адасып кеткен қарт әжейдің тұрғанын хабарлаған. Әжені әңгімеге тартқан фармацевттің айтуынша, ол өзінің аты мен тегін, мекенжайын есіне түсіре алмаған.
Аталған әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторы Мадияр Өмірзақов көрсетілген мекенжайға дереу келген соң, зейнеткердің жеке басын және тұрғылықты мекенжайын анықтап, жақындарына аман-есен табыстаған.
Үйде ешкім болмаған кезде ол дәріханаға барып, қайтар жолды ұмытып қалған екен. 87 жастағы қарт ана есте сақтау қабілеті нашарлауынан зардап шегетіні анықталды.
Қазіргі уақытта қарт әженің денсаулығына қауіп жоқ.
Әженің туған-туыстары полиция қызметкерлеріне зор денсаулық, шыдамдылық және амандық тілей отырып, аналарын үйге қайтаруға көмектескен игі істері үшін алғыстарын білдірді.