Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полицияға жарты жылда 700-ден астам өтініш түсті

ШҚО-да полицияға жарты жылда 700-ден астам өтініш түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары құқық қорғау органдарымен байланыс орнатуда цифрлық сервистерді барған сайын жиі пайдалануда. Заманауи платформалар азаматтарға полицияға жедел түрде хабарлама жолдап, қажетті көмекті ыңғайлы форматта алуға мүмкіндік береді.

Осы жылдың алғашқы алты айында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментіне омниканалды сервистер арқылы жалпы саны 736 өтініш келіп түсті.

Тұрғындар арасында ең көп қолданылатын сервис – "eGov Mobile". Осы қосымша арқылы 340 хабарлама тіркелген. Ал "Kaspi.kz" мобильді қосымшасы арқылы 257 өтініш келіп түсті. Сонымен қатар өңір тұрғындары "Police-102" сервисі арқылы 134 хабарлама жолдаған.

Цифрлық байланыс арналары арқылы келіп түскен әрбір өтініш полиция қызметкерлері тарапынан қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады. Бұл ақпарат азаматтардың өтініштеріне дер кезінде ден қоюға, қажетті шараларды қабылдауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тұрғындарды полицияға жүгіну кезінде цифрлық сервистерді белсенді пайдалануға шақырады. Заманауи байланыс арналары құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы жедел ақпарат жеткізіп, құқық қорғау органдарының уақытылы әрекет етуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру