ШҚО-да тыйым салынған заттарды колонияға жеткізу әрекетінің жолы кесілді
Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің біріне бірден 15 ұялы телефонды заңсыз жеткізу әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі уақытта жас жігіт мекеме аумағына тыйым салынған заттарды қоршау арқылы лақтырмақ болған сәтте ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті мен №17 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлері тарапынан ұсталды.
Жеке тінту барысында күдіктінің жанынан мұқият оралған бірнеше түйіншек салынған пакет табылды. Тексеру кезінде олардың ішінен Samsung, Redmi, Huawei, Oppo және iPhone секілді 15 телефон анықталды.
Алдын ала жедел ақпаратқа сәйкес, тәркіленген құрылғылардың барлығы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың біріне арналуы мүмкін.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, ұялы телефондар түзеу мекемелеріне заңсыз жеткізуге жиі әрекет жасалатын тыйым салынған заттардың қатарына жатады. Мұндай құрылғылар сотталғандарға сыртқы ортамен бақылаусыз байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, белгіленген режим талаптарының бұзылуына себеп болуы мүмкін.
Аталған дерек бойынша барлық құрылғылар тәркіленді. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажетті материалдар жинақталуда.
– Жедел бөлім қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің дер кезінде жолы кесілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режимдік талаптар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда, – деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
