Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-дағы колонияда жазасын өтеп жүрген әйел некесін қиды

ШҚО-дағы колонияда жазасын өтеп жүрген әйел некесін қиды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ОВ 156/21 Шығыс Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында сотталған әйел есірткі таратқаны үшін жазасын өтеп жатыр. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні қарсаңында жас әйел өзінің ерекше махаббат тарихымен бөлісті.

Кішкентай ауылда  Аида мен Павел (есімдері өзгертілген) көршілес үйде тұрып бірге өсті. Балалық шағында бірге бір мектепке барып, бір аулада ойнаған. Уақыт өтіп, балалар өсіп, олардың достығы махаббатқа ұласқан.

Жас жігіт 18 жасқа толып, әскерге кетті. Аида қалаға оқуға түсті. Ал үлкен қалада жас қыз шалыс басты.

Сонымен қарапайым ауылдың  қызы темір торға апаратын жолға түсті. Ғаламтор желісінде ол тез және ірі көлемде табыс табу  туралы қызықты хабарландыруларға тап болды.

Сотталушының айтуынша, ол халық арасында «бетбелгі» деп аталатын пакетті алу үшін көрсетілген мекенжайға баруы керек, оны шағын пакеттерге салып, қайтадан басқа жерлерге апару керек. Жұмыс үшін олар бірден  электронды әмиянға ақша аударды. Соңы не боларын білмеген жас қыз оңай әрі жылдам табысқа қуанды.

Әдеттегі  күндердің бірінде ол «бетбелгі» қойған жерінде  бейнекамераға түсіп, оны полиция ұстады.

Сол  кезде жас жігіт оның мәселелерінен бейхабар еді. Әскерден  оралған кезде ол бірінші сүйіктісіне тергеу изоляторына келді.

– Ол осында келгенде мен қатты ұялдым. Ол осы уақыт бойы тек мен туралы ойлағанын, менімен отбасы  құрғысы келетінін айтты. Біз өтініш берген кезде мені әйелдер колониясына алып кетті. Некемізді  қаншалықты тез қиғымыз келсе де, барлық уақытта қандай да бір кедергілер болды. Айта кету керек, Павелдың ата-анасы да бізді қолдамады, олар келінінің «сотталған» деген атына  қарсы болды, бірақ ол бас тартпады. Бүгін махаббатың нышаны Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні қарсаңында некемізді  рәсімдедік. Біз бақыттымыз! Біздің оқиға  Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың махаббат хикаясындай әсерлі емес, бірақ менің ойымша, тағылымы мол. Бізде барлығын түзеп, өз өмірімізді жақсартуға әлі де мүмкіндік бар, – деп сотталушы Аида көзіне жас алып, қуанышымен бөлісті.

– Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар заңда көрсетілген белгілі бір шектеулерге қарамастан толыққанды отбасын құруға мүмкіндік алады. Неке мен отбасы әрбір  адамның өміріндегі  бақыт пен табысқа негіз болатын ең  маңызды дүние, – деп атап өтті ШҚО ҚАЖД бастығының орынбасары Ғалымжан Балтабаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру