Шымкент полицейлері жоғалған 2 жасар баланы 20 минутта үйіне қайтарды
Шымкент полицейлері жоғалған 2 жасар баланы 20 минутта үйіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі сағат 23:00 шамасында 102 сымтетігі арқылы Абай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласқан. Ол автобус аялдамасында кәмелетке толмаған баланың отырғаны туралы хабарлаған. Тұрғынның сөзінше, сәби сөйлей алмайтын көрінеді.
Оқиға орнына бірден Абай аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция инспекторлары Еламан Сабиралиев пен Хамид Тұрсиметов жетіп, шұғыл түрде сәбидің туыстарын іздеуге кірісті.
Жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Аудан көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 20 минуттың ішінде тәртіп сақшылары баланың анасын тапты. Ұлының жоғалғанын білгеннен кейін ата-ана тәуелсіз іздеу жұмыстарын жүргізген. Белгілі болғандай, анасымен бірге аулаға серуендеуге шыққан бүлдіршін белгісіз бағытқа кетіп қалған. Полицейлер баланы аман-есен ата-анасына табыстады.
Қала тұрғыны өз кезегінде полиция қызметкерлеріне іздестіру кезінде шапшаңдықпен әрекет еткендері үшін шынайы алғысын білдірді.