Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент қаласының ПД-не арнайы іс-сапармен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл келді

Шымкент қаласының Полиция департаментіне арнайы іс-сапармен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Адам құқықтары үшін Хартия” қоғамдық қорының басшысы, ұлттық алдын алу тетігі бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова және дәл осы кеңестің мүшесі әрі “Сана Сезім” әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы ҚБ-нің директоры Шахноза Хасанова келді.

Олар департамент қызметкерлерімен қала аумағында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Іс-сапар барысында қонақтар департаменттің Жедел басқару орталығына қосылған камералар мен ондағы тәртіп сақшыларының қызмет атқаруын да көрді. Осылайша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында тәулік бойы бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұрғанына куә болды.

Осы орайда айта өтетін ақпарат, мегаполисте көше қиылыстары мен тұрғын үйлердің аулаларында жалпы 3177 бейнекамера орнатылған. Оның 1500-і қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін болса, 1677-сі жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейтін камералар. Барлық 3177 бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығы, ҚР ІІМ аумақтық орталығы және қала әкімдігінің дағдарыс орталығымен біріктірілген.

2021 жылы бейнекамералардың көмегімен 306 қылмыс ашылып, 74 155 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және оның жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелері қала аумағында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орнатылған “SOS” батырмаларының жұмысын көрді. Бұл батырмалар Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Азаматтарға, шетелден келген туристерге қандай да көмек қажет кезінде қоғамдық орындарда орнатылған осы “SOS” батырмалары арқылы полицейлерге тікелей хабар беруге болады. Тәртіп сақшылары қоңырауды қабылдап, сол орынға автоэкипажды, учаскелік полицейді бағыттайды. Осылай тез арада қылмыстың алдын алуға немесе оны жедел ашуға мүмкіндік мол.

– Елімізде орын алған дүрбелең кезінде тәртіп сақшылары алдынғы қатардан табылып, азаматтардың қауіпсіздігі мен тынышы үшін бар күш-жігерін салып, қызмет етті. Осындай жанқиярлық пен антқа деген адалдықтарыңызды құрметтеймін. Сол үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта сіздердей Отанға деген сүйіспеншілігі жоғары тәртіп сақшыларының қатары артса игі, – деді “Адам құқықтары үшін Хартия” қоғамдық қорының басшысы Жеміс Тұрмағамбетова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру