Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкент тұрғыны “кәсіп ашамын” деген алаяққа алданып қалды

Шымкент тұрғыны “кәсіп ашамын” деген алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4 желтоқсанда Абай АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, алты айдан бергі танысы мемлекет тарапынан кәсіп бастау үшін берілетін қайтарымсыз қаржы 5 млн теңгені алып беремін деп 335 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алған.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматшаны тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Әйел жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған.

Тергеу барысында ұсталған азаматша заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.

Қазіргі уақытта күдіктінің алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру