Шымкентте 1,5 келіге жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленіп алынды
Шымкентте 1,5 келіге жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленіп алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 16 наурызында Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында бір топ азаматты ұстады.
Тексеру барысында алты адамнан құралған топтың біреуі жалдап тұрып жатқан қала аумағындағы көп қабатты үй пәтерлерінің бірінде 1,5 кг жуық синтетикалық есірткі заттары анықталып, тәркіленіп алынды. Осы топтың екеуі полиэтилендік сым қабығына синтетикалық есірткі заттарын белгілі бір мөлшерде өлшеп салып, екі жағын үтікпен қыздыру арқылы тығыз жабыстырып отырған. Бөлшектеп қойылған синтетикалық есірткі заттарын сату мақсатында аталған топтың жетекшісі әлемге танымал бір наркобаронның атымен әлеуметтік желіде ашылған чатта алушыларды тауып отырған. Топтың қалған үшеуі бөлшектелген есірткі заттарын жасырын орындарға қалдырып жүрген.
Қазіргі таңда аталған азаматтардың қала аумағындағы осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Полиция қызметкерлері аталған азаматтардың іс-әрекетіне тексерудің нәтижесі бойынша құқықтық баға беретін болады.