Шымкентте ортақ пайдалану орындарын ластаған 855 тұлға жауапқа тартылды
Шымкентте қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция аясында полиция қызметкерлері өзге де қызметтермен бірлесіп, абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында күн сайын бейнебақылау камералары пайдаланылады. Олардың көмегімен ортақ пайдалану орындарын ластау, қоқыс тастау және өзге де құқық бұзушылықтар анықталады.
Мәселен, бейнебақылау камераларына қоғамдық орындарда темекі шегіп, темекі тұқылдарын жерге тастаған тұрғындар түсіп қалған. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында ортақ пайдалану орындарын ластаудың 855 дерегі анықталды.
