Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте полицейлер арасында шағын футболдан жарыс өтті

Шымкентте полицейлер арасында шағын футболдан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған спорттық сайыстың негізгі мақсаты – тәртіп сақшылары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ету, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу және шағын футболға деген қызығушылықтарын арттыру.

Жарысқа Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері арасынан құралған 8 команда қатысып, бақ сынасты. Бұған дейін де спорттық ойындарда тартысқа түсіп, әбден шыныққан тәртіп сақшылары оңайлықпен жеңісті қолдан бергісі келмейтіндерін көрсетті.

Спортты серік еткен полицейлердің ойынын департамент бастығы Қайрат Дәлбеков қорытындылап, тәртіп сақшыларын мерекемен құттықтай отырып, жүлдерін табыс етті.

Нәтижесінде әріптестерінің арасында шын мықты екенін дәлелдеп, топ арасынан озып шыққан Шымкент ҚПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің тәртіп сақшылары жүлделі бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, үздіктердің қатарынан көріну үшін тартысқа түсіп, ойынның көркін аша түскен Әл-Фараби АПБ-ның қызметкерлері жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Ал үшінші орынды Шымкент қаласы ПД-ның аппарат қызметкерлері жеңіп алды.

Шымкенттің бас полицейі Қайрат Дәлбеков спорт пен қызметті қатар алып жүрген тәртіп сақшыларын Ата заңға сай, елге адал әрі әділ қызмет етуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру