Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан, кеңес мүшелері және салық, полиция, көлік салаларының өкілдері қатысты.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан этномәдени бірлестіктермен алғашқы кездесуде айтылған жайттар бойынша жауапты тұлғалардың бүгінгі жиынға арнайы шақырылғанын айтып, қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда ассамблеяның маңызды құрылым екендігіне тоқталды.

– Ассамблея елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын, еліміздегі барлық      этностарды қазақ халқының маңына топтастыратын бірегей институт,               сондай-ақ мемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың берік сақталуына, этносаралық татулықты, елдікті, бірлікті бекемдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыратын ұйым. Сондықтан Ассамблея туралы кейбіреулер айтып жүргендей сыңаржақ пікірлерге, ұшқары ойларға жол бермей, бұл құрылымның байыпты бастамаларға бастайтын, еліміздің басқару жүйесіндегі өзіндік орны бар ұйым екендігін жұртшылыққа, жастарға кеңінен ұғындыруымыз қажет. Ассамблеяның құрылымдық бөлімшесі ретіндегі Қоғамдық келісім кеңесінің де негізгі бағыты осы, – деді Ш.Мұқан.

Кеңесте үшінші мегаполистегі миграциялық үдеріс және мигранттарды тіркеу, қала аумағындағы жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алудағы негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдары, қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін енгізу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында атқарылған жұмыстар, бюджетке төленетін салық төлемдері сияқты мәселелер қаралды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру