Шымкентте үш айда 148 жасөспірім ІІО есебіне қойылды
Шымкентте үш айда 148 жасөспірім ІІО есебіне қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы аумағында биылғы жылдың бірінші тоқсанында түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 1 465 жасөспірім және ойын-сауық мекемесінде болған 69 жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылды. Ал кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген 42 мекеме иесі ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) жауапқа тартылды.
Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын 23 ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша хаттама толтырылды.
Қоғамдық орында мас халде болған 15 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігі (Он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі) бойынша хаттама толтырылған.
Сондай-ақ, құқық бұзушылыққа бейім 148 жасөспірім және балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне немқұрайлы қарайтын 96 отбасы ІІО есебіне қойылды.