Шымкентте жыл басынан бері жасөспірімдер арасында жасалған 3 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды
Шымкентте жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандар арасында жасалған үш мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің ЖПҚБ Ювеналды полиция инспекторлары кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын қылмыстың алдын алу, мектеп оқушылары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары тұрақты жұмыс атқаруда.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар тәрбиесіне қатысты 2846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, заңды өкілінсіз тұрғылықты мекен жайынан тыс жерлерде жүрген 2458 жасөспірім, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 68 жасөспірім және қоғамдық орында алкоголь ішімдігін ішкен және мас халде болған 22 жасөспірім анықталды. Құқық бұзушылыққа бейім 214 жасөспірім және балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне немқұрайды қарайтын 117 отбасы Ішкі істер органының есебіне алынған.
Тәртіп сақшылары кәмелет жасына толмағандарға түнгі уақытта сағат 22.00-ден бастап 06.00-ге дейін көңіл көтеру мекемелерінде жүруге, сағат 23.00-ден бастап 06.00-ге дейін заңды өкілдерінсіз үйден тысқары жерге шығуға тыйым салынатынын ескертеді.
Қазіргі таңда кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар және жергілікті әкімдік өкідерімен бірлескен шаралар нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көрсеткіші бірнеше есе төмендеп отыр.