Шымкентте “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы өтуде
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау болып табылады.
Акция аясында Абай және Қаратау ауданы Полиция басқармаларының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Гульвира Бектемисова мен Тоқжан Өмірзақова Шымкент қалалық «Көмек» оңалту орталығында әйелдермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратылып, сұрақтарға жауап берілді. Ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған аталмыш іс-шаралар мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе ұйымдастырылуда.