Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полицейлер әкесінен айырылған 3 бүлдіршіннің арманын орындады

Шымкенттік полицейлер әкесінен айырылған үш бүлдіршіннің арманын орындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тоғыз жасар Нұрасыл болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырады. Балақайдың жүрек жарды тілегін Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жүзеге асырды. Үш батырдың анасы Мадина Таргаутова ұлдарының бокс, күрес, каратэ және футболға ерекше қызығатынын айтады. Шымкент қаласы Еңбекші ауданы «Забадам» елдімекенінде тұратын азаматша осыдан төрт жыл бұрын жолдасынан айырылған. Отбасының жалғыз асыраушысы үш бірдей ұлды тәрбиелеп отыр. Жекеменшік мекемеде жалдамалы жұмысшы болып еңбек ететін ана ұлдарының өз қатарынан кем болмағанын қалайды. Ананың ақ ниетін Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ өкілдері мен «Ізгілік» қайырымдылық қорының мүшелері бірлесе жүзеге асырды. 

https://youtube.com/shorts/jIuWGOSUCr0

– 2008, 2010, 2012 жылы туған балақайларға бокс, каратэ, футбол үшін арнайы спорттық киімдер және қажетті заттар мен жылы киімдер алып келдік. Біздің жүрегімізді елжіреткен балақайлардың «Отанға қызмет етеміз» деген асқақ арманы. Біздің мақсат – оларға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеу. Сондай-ақ мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету – азаматтық парызымыз деп білеміз. Себебі балақайларға бақытты болашақ сыйлау аға буынға аманат, – деді Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының өкілдері. 

Өздеріне үлгі тұтатын ағаларының тосынан жасаған сый-сияпатына айрықша қуанған балақайлар енді спорттық үйірмелерге қатысып, дене шынықтырып, жаттығуларды қалдырмайтындарын айтты. Әр бүлдіршінге бақытты болашақ сыйлау ниетінде жасалған қайырымдылық алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру