Шымкенттік полицейлер дәріханадан телефон ұрлаған әйелді бейнебақылаудың көмегімен ұстады
Шымкенттік полицейлер дәріханадан телефон ұрлаған әйелді бейнебақылаудың көмегімен ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 ақпанда Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреу қаладағы дәріханалардың бірінде үстелде тұрған Samsung ұялы телефонын қолды еткен. Келтірілген шығын көлемі 75 мың теңгені құраған.
Хабарды алған Әл-Фараби АПБ анықтау бөлімінің анықтаушылары жедел әрекет ету арқылы ұрлық жайты болған дәріханаға бағыт алды. Арызданушы азаматшадан, басқа да көрген-білгендерден жауап алынды. Сондай-ақ, дәріханада орнатылған бейнебақылау камералары жіті тексерілді. Нәтижесінде, анықтаушылар телефон ұрлаған азаматшаны тұрғылықты мекенжайынан анықтап, басқармаға жеткізді. Ол 47 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде алынған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды.
Белгілі болғандай, телефон ұрысы дәрі алу кейпінде дәріханаға кірген. Осылайша жанында адамдардың жоқтығын пайдаланып, білдіртпестен үстелден телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Қазіргі таңда азаматшаға қатысты ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.