Шымкенттік полицейлер тұрғындарға 500 дана бетперде таратты
Шымкенттік полицейлер індеттің таралуын алдын алу мақсатында тұрғындарға бетперде таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері COVID-19 инфекциясының алдын алу мақсатында қала тұрғындарына 500 дана тегін бетперде таратты.
Ондағы мақсат азаматтарға бетпердені ұдайы тағып жүру қажеттігін айтып, сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру. Айта кетейік, осыға дейін шымкенттік полицейлер «Bizbirgemiz» республикалық акциясына да атсалысып, 2500 дана бетперде сондай-ақ антисептик пен резеңке қолғап сынды қорғаныш құралдарын үлестірген болатын. Қауіпті індетпен күресу барысында медицина қызметкерлерімен бірге полицейлер алдыңғы шепте жұмыс атқарып келеді.