Шымкенттік тұрғын көлік сатамын деп қолдағы ақшасынан айырылды
Шымкенттік тұрғын көлік сатамын деп қолдағы ақшасынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жүгінген. Ол өз арызында, өзі сатылымға қойған ВАЗ-2114 маркалы автокөлігін бөгде екі ер адам алдымен айдап көріп, сосын сатып алатынын айтып, сеніміне кіру арқылы тізгіндеген бойы оқиға орнынан бой тасалағанын жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 650 мың теңге.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары күдіктілердің жеке бастарын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Түркістан облысының тұрғындары анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Екеуінің де жасы – 21-де. Бұрын-соңды істі болмаған.
Қазіргі кезде ұсталған азаматтар кінәларын толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғандарын және бұл үшін өкінетіндерін жеткізді. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Осы ретте полиция қызметкерлері азаматтарға жеке мүліктеріне мұқият болып, сақтық шараларын қатаңдатуды ескертеді.