Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Соғыс жылдары балалар үйіне өттім және оны айтуға ұялмаймын…»

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ардагерлер қоғамы және департамент пен оған бағынысты мекемелердің қызметкерлері тыл еңбеккерлерін құттықтап, үйлеріне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚАЖ қызметкерлерінің құрметіне ие болған тыл еңбеккерлерінің қатарында: Краснощекова Анна Григорьевна, Новоселова Полина Кузьмична, Потапов Анатолий Васильевич, Батракова Александра Андреевна, Фролова Александра Ивановна, Кирякова Галина Федоровна, Робу Евдокия Александровна және Горустович Алексей Васильевич бар.

​Тыл еңбеккерлері ҚАЖ қызметкерлерін ерекше ықыласпен қарсы алды. Әдеттегідей сұрапыл соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, көңілдері толқыды, көздеріне жас алды. Олардың барлығы да қоштасар сәтте: «Елде тек бейбітшілік болсын!» деді.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің  ардагерлер қоғамының төрағасы, запастағы подполковник Сақыпкерей Баймағамбетов және департамент қызметкерлері тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, оларға «Бейбіт күнді жақындатуға қосқан үлестері», сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары ел игілігі жолында еткен еңбектері үшін алғыс айтты.

Жеңіс күнімен құттықталғандар арасында соғыстан кейін көп жылдар бойы қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде қызмет еткен ардагерлер де болды. Солардың бірі – Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ардагері, запастағы ішкі қызмет старшинасы Потапов Анатолий Васильевич.

1933 жылдың 30 тамызында дүниеге келген Анатолий Васильевич, ел басына күн туған жылдары небары сегіз жаста болды. Бірақ, сұрапыл соғыс оған балалықтың бал дәмін татуға мүмкіндік бермеді. Жас та болса тракторға отырып, жер жыртты: елде қалған қыз-келіншектерге егін жинауға көмектесті.

 

Мен соғыс жылдарында балалар үйіне өттім және оны айтуға қысылмаймын және қорықпаймын. Менің балалар үйінде тәрбиеленгеніме соғыс кінәлі!

Әкем Василийдің майданға қай жылы аттанғанын да білмеймін. Сол жақта қаза тапты деген «қара қағаз» ғана келгенін естідік. Отан қорғауға аттанған бір апам да сол жақта қаза тапты деді,дейді тыл еңбеккері.

Соғыс біткеннен кейінгі жылдары әскер қатарына алынып, үш жыл бойы әскерде әскери борышын өтеген ол, тек 1957 жылы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты  КА-168/1 мекемесіне бақылаушы болып қызметке тұрады.

Бұл жерде 27 жыл тапжылмай қызмет етіп, 1984 жылы режим және күзет бөлімінің корпус бойынша аға қызметкері лауазымымен зейнетке шығады.

Қызмет еткен кезеңдерінде өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді адал атқарғаны үшін басшылық тарапынан бірнеше рет мараппаттарға ие болған ҚАЖ департаментінің ардагері, запастағы ішкі қызмет старшинасы Анатолий Потапов  қазір 87 жаста. Ардагер өзін әлі күнге дейін тың ұстайды: әскери және соғыс жылдарына арналған кітаптар мен газеттер оқиды, теледидардан жаңалықтарды үзбей көреді.

Анатолий Васильевич өзі қызмет еткен тұста сауаттылығымен және жоғары жауапкершілігімен көзге түскен. Ол- өзінен кейін қызметке келген жас мамандарды осы саланың қыр-сырына баулып, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуларына себепші болған,- дейді ардагер туралы КА-168/1 мекемесі басшысының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Сабржан Нуртазин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру