Сот жүктеген міндеттерді орындамаған ақтөбелікті бас бостандығынан айырды
Темір аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Ренат Жұмабаевтың айтуынша, 22 жастағы есепте тұрған сотталғанның жаза өтеу ережелері мен шарттарын бірнеше рет бұзғаны «Шартты түрде сотталған» республикалық профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шартты түрде сотталған 2020 жылдың 3 маусымға қараған түні өзі есепте тұрған Темір аудандық пробация қызметіне ескертпестен тұрғылықты мекен-жайын тастап, ішімдікке мас болған күйі Мұғалжар ауданының Жұрын ауылына барады. Аталған шартты сотталғанның сот жүктеген міндеттерді орындамаған басқа да материалдары Темір аудандық пробация қызметімен сотқа жолданады.
Карантин режиміне сәйкес, есепте тұрған сотталғанның ашық сот отырысы Темір аудандық Полиция бөлімі ғимаратының мәжіліс залында онлайн бейнебайланыс режимінде өтті.
– Бұған дейін Темір аудандық пробация қызметі тарапынан есепте тұрған сотталған С.-ға бірнеше рет ескертулер беріліп, әртүрлі қоғамдық шараларға шақырылған болатын. Бірақ, ол азамат өзіне сотпен жүктелген міндетті ескермеді: басқа есепте тұрған азаматтар секілді шараларға қатысқан жоқ, өзіне ұсынылған жұмыстардан бас тартты. Сондықтан, ел аумағында өтіп жатқан «Шартты түрде сотталған» іс-шарасы кезінде сотталған С-ның осындай құқық бұзушылықтарына байланысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айырумен ауыстыру жөніндегі іс-қағаздар жинақталып, аудандық сотқа ұсыным жолданды.
Сотталған азамат сот отырысында өзіне жүргізілген профилактикалық жұмыстарға немқұрайлы қарағанын мойындап, сот берген жазаның міндеттерін дұрыс орындау керек екендігін түсінді және өз ісіне қатты өкінетін айтты. Осындай іс-әрекетті басқа да есепте тұрған адамдар қайталамауы үшін, біз аталған Сот отырысына қайта қылмыс жасауға бейім тәуекел тобында тұрған сотталғандарды да қатыстырдық. Бұл оларға сабақ болады деп сенеміз,- дейді Темір аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Ренат Жұмабаев.
Темір аудандық соты есепте тұрған сотталған С.-ның материалын қарау кезінде оның сот жүктеген міндеттерді бірнеше рет бұзғаны, оның ішінде: әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге пробация қызметінің рұқсатынсыз кетуі, өзімен жүргізілетін тәрбие жұмысына тіркелуге ешқандай себептермен келмеуі, сот жүктеген мәжбүрлі еңбекті атқаруға әкімшілікке шықпай жаза өтеуден жалтаруы, сондай-ақ ішімдік ішіп қоғамдық орындарда жүргенін есепке ала отырып, үш жыл төрт ай 24 күнге бас бостандығынан айыру және жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуді қаулы етті.