Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталғандарды жұмысқа орналастыру: ІІМ Нұр-Сұлтанда тігін фабрикасын іске қосты

ІІМ Нұр-Сұлтанда тігін фабрикасын іске қосты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінің сотталғандар мен есепте тұрған адамдарды жұмысқа орналастырумен айналысатын “Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорны Нұр-Сұлтан қаласында заманауи тігін фабрикасын іске қосты.

Жаңа нысанды министр Ерлан Тұрғымбаевтың өзі аралап көріп, фабриканың жұмыс жағдайымен танысты.

Бұл фабрика қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің (қоныс-колониясы) сотталғандарына, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробациялық бақылаудағы адамдарға арналған Қазақстан Қылмыстық-атқару жүйесінің бірегей эксперименттік жобасы болып табылады.

Оған қоса, осы фабрика базасында сотталғандарды қайта даярлау және еңбек біліктілігін арттыру үшін оқу орталығын құру жоспарлануда.

– Аталған санаттағы адамдарды жұмысқа орналастыру сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселесін оңтайлы шешеді. Бұл пенитенциарлық жүйенің басты міндеттерінің бірі. Бүгінде жазасын өтеп жатқан адамдардың жұмыспен қамтылуы 49%-ды құрайды. “Еңбек” РМК-ның өз өндірісін ұлғайтуы жұмысқа орналастырылған сотталғандардың санын арттырып қана қоймай, мемлекеттік ұйымдардың сұраныстарын қамтамасыз етуге және кәсіпорынды табысты оңалтуға мүмкіндік береді, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев өз сөзінде.

Айта кету керек, карантин жағдайында кәсіпорын жеке қорғаныс құралдарын өндіруді жолға қойды. Ағымдағы жылы “Еңбек” РМК қысқа мерзімде өндірістік қуаттарды кеңейту мақсатында ғимаратқа қайта жаңарту жүргізді. Енді зауытта бір уақытта 120 адам жұмыс істей алады.

Астаналық ҚАЖД ЕЦ-166/10 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде қазіргі уақытта 700-ге жуық сотталған ұсталады. Оның 138-і мекеме базасында орналасқан “Еңбек” мемлекеттік кәсіпорнының өндірістік цехтарында жұмысқа орналастырылды. Қалған 64%-ы колониядан тыс жерде жұмыс істейді.

Сондай-ақ, қаланың пробация қызметінің есебінде қоғамнан оқшаулаусыз қылмыстық жазаға кесілген екі мыңнан астам есепте тұр. Пробациялық бақылау қызметкерлерінің есепте тұрғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, жәрдемдескеніне қарамастан, сотталғандығының болуы олардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар да осындай проблемаға тап болады.

Мәселен, бұрынғы сотталған Р. жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтей отырып, тігін шеберлігін игерді. Пандемия кезеңінде жазасын өтеп жатқан басқа адамдармен бірге ол бетперде және қорғаныс комбинезондарын тігумен айналысты.

– Жазаны өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап болдым. Соттылығым туралы анықтаманы көрген жұмыс берушілер жұмысқа алудан бас тартты. Мойындаймын, отбасымның алдында өзімді кінәлі сезіндім. Әйелім тыным көрмей жұмыс істеді. Жазасын өтеу орындарынан босағандарды жұмыспен қамтамасыз ету қолға алынғанын білгенде өте қатты қуандым. Бақытымызға орай, дәл осы тігін фабрикасы ашылды, ал мен мекемеде мерзімімді өтеген кезде іс тігуді үйренген едім, – дейді фабрика қызметкері.

– Тігін цехының жұмысы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға, сондай-ақ басқа да ұйымдарға киім-кешек бұйымдарын өндіруге бағытталған. Бас киім, нысанды трикотаж, сыртқы киімдерді тігу жолға қойылған, – дейді Еңбек РМК-ның тігін фабрикасының бастығы Алма Жүнісова.


Бүкіл республика бойынша ҚАЖ Комитетінің түзеу мекемелерінің өнеркәсіптік аймақтарының аумағында төрт тігін фабрикасы және 11 тігін учаскесі жұмыс істейді. Осы жұмыс орындарында 1250-ден астам сотталған адам еңбек етеді.

Жалпы жұмысқа орналасқан сотталғандар тігін өндірісі және аяқ киім тігу, ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс материалдарын, пластикалық бұйымдар мен металл конструкцияларын өндіру, ағаш өңдеу және жиһаз дайындау, жөндеу-құрылыс жұмыстарымен айналысады.

ІІМ басшысы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен “Еңбек” РМК басшылығымен кездесу барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде өндірістік қуаттарды кеңейту және сотталғандар мен есепте тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру