СҚО-да 11 блок-бекет өз жұмысын тоқтатты
Солтүстік Қазақстан облысында блок-бекеттерде тәулік бойы қызмет еткен қызметкерлерге ПД басшысы алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс периметрі бойынша 250 полицей, медицина қызметкерлері мен ветеринария қызметі мамандары кезекшілік атқарған 14 бекет жұмыс істеді. Үздіксіз жұмыс істеген екі айдан соң 11 блок-бекет салтанатты түрде жұмысын тоқтатты. Полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаев бекеттерге барып, қиын күндері қызмет атқарған жандарға адал және жауапты қызметі, төзімділік пен қайсарлығы үшін алғысын білдірді.
– Бүгін сіздер өз отбасыларыңызға барып, ата-аналарыңызбен, жұбайларыңызбен, бала-шағаларыңызбен қауыша аласыздар. Үнемі қолдап, түсіністік танытқан туған-туысқандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті, тұрғындардың денсаулықтары мен қауіпсіздігін бірлесе абыроймен қамтамасыз ететінімізге сенімдімін, – деді полицейлер мен медицина қызметкеркерлеріне алғыс хат табыстаған полиция ведомствосының басшысы.
Шекаралас аумақтарда – Мамлют, Уәлиханов және М. Жұмабаев аудандарында орналасқан үш блок-бекет шекара ашылғанға дейін өз жұмысын жалғастырады. Өзге блок-бекеттерде Полиция департаменті басшысының орынбасарлары мен аумақтық бөлініс басшылары болды. ПД басшысының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев Айыртау ауданының Антоновка ауылында болып қайтты. Ол барлығына ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Блок-бекеттердегі инфрақұрылымдарды бұзу кешке дейін созылды. Шектеу шараларын алу – қауіп-қатер жоқ деген сөз емес, бұл ретте басқа да карантиндік талаптарды сақтау қажет.
– Осынау қуанышты күнді біз және біздің жақындарымыз асыға күттік. Бұл амалсыздықтан болған шара екендігін барлығымыз жақсы түсінеміз. Біз өз жұмысымызды жасадық және қойылған шектеулер жағдайды жақсартуға септігін тигізгеніне сенімдіміз. Әрине, тұрғындарға да алғыс айтамыз. Түрлі жағдайлар болды, негізінен адамдар оңай емесін түсініп, бізге қолдау көрсетіп жатты, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Асхат Бақытжанов.
Үйінде оны жары мен үш кішкентай бүлдіршіндері тағатсыздана күтті, балалардың мерекесі қарсаңында әкелерінің үйге оралуы олар үшін үлкен сый болды.