СҚО-да “Ақ жол” партиясының өкілдері 12 полицейді медальдармен марапаттады
Көктемгі су тасқынымен күрес кезінде ерлігімен көзге түскен, адамдарға көмек көрсету кезінде ерекшеленген солтүстікқазақстандық полицияның бірқатар қызметкері “Ақ жол” демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің атынан медальдармен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Су тасқыны кезінде жүздеген полиция қызметкері құтқарушылармен және басқа шұғыл қызметтермен бірге иық тіресе жұмыс істеді. Оқыс оқиғаларды болдырмас үшін және қалдырылған мүліктер қолды болмас үшін су басқан аудандардан адамдарды эвакуациялап, тәуліктеп кезекшілікте болды.
Полицейлердің еңбегі елеусіз қалмады. “Ақ жол” партиясының өкілдері 12 полицейді “Апатпен күрескені үшін” медалімен марапаттады. Тәртіп сақшыларына марапатты Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Евгений Кинцель мен “Ақ жол” демократиялық партиясы облыстық филиалы аппаратының жетекшісі Руслан Ибрагимов табыстады.
Марапатталғандар қатарында учаскелік полиция инспекторлары мен басқа қызметтердің қызметкерлері бар. Солардың ішінде Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Жақсылық Байбосынов та марапатқа ие болды. Ол қарамағындағы қызметкерлермен бірге су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде тәуліктік кезекшілікте болды.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов тәртіп сақшыларына берілген баға үшін партияның өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ ведомство бастығы жеке құрамның қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі ерлік әрекеттері, жанқиярлығы ешқашан елеусіз қалмайтынын атап өтті.