Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да ерлі-зайыптылар патрульдік полицейлерге алғыс білдірді

СҚО-да ерлі-зайыптылар патрульдік полицейлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Instagram” әлеуметтік желісінде Солтүстік Қазақстан полицейлерінің атына алғыс жарияланды. 4 мамыр кешкісін СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері “Челябі-Новосібір” автожолында Асаново ауылына жақын маңда жол жиегінде тұрған Volkswagen автокөлігін байқап, көмектерін ұсынуға тоқтайды. Көлікте М.Жұмабаев ауданынан ерлі-зайыптылар болады.

Жүргізуші қозғалтқышының істен шыққанын айтқан. Оның сөзінше, ағасы керек қосалқы бөлшекті алып, ауданнан шыққан. Полицейлер Volkswagen автокөлігін буксирлеп алдарынан шыға берейік деп ұсынған. Ауылдықтар қуана келісе кетті. Көлік ішінде отырып-ақ танымал пабликтердің біріне пост жариялады:

– … ПП қызметкерлеріне алғыс білдіргіміз келеді, машиналарының борттық нөмірі 054. Есімдері – Қанат және Олжас. Жігіттер, рахмет… Қайырымды жандардың бар екені бізді қуантады. Бірақ жігіттерге дейін ешкім тоқтаған емес…

Экипаж құрамында болған полиция аға лейтенанты Қанат Табулов пен Олжас Аманжол біз тек өз жұмысымызды орындадық дейді:

– Сағат кешкі жеті кезі болатын, – деп түсіндірді Қанат. – Елді мекендерінен алыста қалған жолаушыларға қажетті саймандарын әкелгенше, оны жөндегенше түн болатын. Біз патрульдеу бағытымен жүріп отырып, оларды аудан шекарасына дейін жеткіздік.

Батальон командирі полиция подполковнигі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, олар қызметке түсер алдында тапсырма алады.

– Тоқтап тұрған автомобильді назарсыз қалдыруға болмайды – көмек қажет емес пе екендігіне көз жеткізу керек, – дейді ол. – Патрульдік полиция батальоны – барлық жүргізушілер үшін солтүстікқазақстандық полицияның айнасы, олардың қызметтік этикасына ерекше талаптар қойылады. Бірде-бір жүргізуші қиын жағдайға тап болған кезінде өзін далада қаламын деп сезінбеуі керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру