Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да есірткі таратумен айналысқан жас жігіт 15 жылға сотталуы мүмкін

СҚО-да есірткі таратумен айналысқан 23 жастағы жігіт 15 жылға сотталуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткі сатушылар оңай жолмен ақша табуды уәде етіп, жастарды есірткі таратуға тартады. Бейхабар жастар бұған сеніп, қомақты ақша табамыз деп ойлайды. Бірақ бұл мүмкін емес. Солтүстікқазақстандық полицейлер осындай жолға түсіп, есірткі өткізген 23 жастағы күдіктіні ұстады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол интернет-дүкенде тек бір апта ғана жұмыс істеп үлгерген.

Полицейлер жас жігітті қаңтар айында Петропавлдағы көлікжай кооперативтерінің бірінде ұстады. Белла есімді қызметтік-іздестіру итін қолдану арқылы жігіттен ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 25 түйіншек табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың жалпы салмағы 28,12 грамды құраған мефедрон деп аталатын синтетикалық есірткі екенін көрсетті.

– Қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, күдікті облыс орталығындағы есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде есірткі жасырушы болып жұмыс істеу үшін аудандардың бірінен келген. Алайда оның қылмыстық әрекеті бір аптаға ғана созылды. Енді аса ірі мөлшерде есірткі өткізгені үшін ол 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Жыл басынан СҚО полицейлері есірткі өткізу фактілері бойынша 36 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты, олардың 20-сы – 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру