СҚО-да интернет-алаяқтардың құрбаны болғандардың әрбір үшіншісі - зейнеткер
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 247 фактісі тіркеліп, келтірілген жалпы шығын 608 миллион теңгеден асқан. Зардап шеккендердің 89-ы зейнеткерлер, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтарды қорғау мақсатында полиция қызметкерлері Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп профилактикалық акция өткізді. Олар зейнеткерлердің үйлерін аралап, кең таралған алаяқтық тәсілдері туралы түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты.

Алаяқтар көбіне өздерін коммуналдық қызмет, байланыс операторлары, пошта немесе медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен азаматтарға хабарласатыны айтылды.
Полицейлердің мәліметінше, ресми ұйым қызметкерлері телефон арқылы SMS-кодтарды сұрамайды және "қауіпсіз шотқа" ақша аударуды талап етпейді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өз бетінше хабарласу қажет.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті өкілдері бір күн ішінде Петропавл қаласында шамамен 1,5 мың тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін хабарлады. Осындай профилактикалық іс-шаралар аудан орталықтарында да ұйымдастырылуда.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды егде жастағы туыстарын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы жиі ескертіп отыруға шақырады.
